ЕСЕНТАЙ ЕРБОТИННІҢ ТУҒАНЫНА 75 ЖЫЛ

«ӘДЕБИЕТТЕГІ ЕРЕКШЕ ТҰЛҒА»

Мультимедиялық әдістемелік құрал


ЕРБОТИН ЕСЕНТАЙ

(1940–1992)

Есентай Ерботин 1940 жылы 13 қазанда Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, Мәшһүр Жүсіп ауылында колхозшы шаруаның отбасында дүниеге келген. 1959 жылы онжылдық мектепті бітірді. Сол жылы әскер қатарына шақырылған. Германияда Кеңес әскерінің қатарында азаматтық борышын өтеп жүрген Есентай Ерботин аудандық, облыстық газеттеріне балауса өлең жолдарын жолдап тұрған. Үш жыл әскер қатарында болған. Есентай Ерботин Қарағанды мемлекеттік педагогикалық институттың филология факультетіне оқуға түсіп, оны 1967 жылы бітірген. Біраз уақыт ауылда мұғалім болды.

Әдебиет мұғалімі Е. Ерботин енді өзін журналистика саласында байқап көргісі келеді. Павлодар облысы теледидар және радиохабары жөніндегі комитетте қызмет жасаған. Облыстық «Қызыл ту» газетінде әдеби қызметкер болды. 1981 жылдан өмірінің соңына дейін Республикалық Қазақ радиосының Павлодар облысындағы меншікті тілшісі болып қызмет атқарды.

Алғашқы өлеңі 1959 жылы «Қызыл ту» облыстық газетінде жарияланған екен. Автор өлеңдерінің бір тақырыбы - туған өлкенің тарихы. 1959 жылы республикалық «Балдырған» журналында балаларға арналған алғашқы сықақ өлеңі басылды. 1975 жылы «Жазушы» баспасынан «Өркен» атты тұңғыш жинағы жарық көрді. Арада екі жыл өтпей «Жалын» баспасынан «Өнеге» деген екінші жинағы шықты. 1981 жылы осы баспадан «Серік пен Берік», 1984 жылы «Менің досым», 1991 жылы «Далаға саяхат» жинақтарын шығарды. Бұдан басқа ұжымдық жинақтарда «Кім боламын?», «Жаңылтпаштар», «Балдырған базарлығы», «Айналайын анашым» атты өлеңдері мен топтамалары жарияланды.

Белгілі ақын, жазушы, журналист Мұзафар Әлімбаев Есентай Ерботиннің ақындығын таныған шығармашылығына қол ұшын берген, келешегіне жол ашқан ұстазы. Балалар ақыны болу оңай емес, Қазақстанның балалар ақыны атануы Есентай Ерботинға да оңай келген жоқ. Қазақстанның халық жазушысы Дихан баба Әбілев атанған ақын - жазушының 1981 жылы Есентай Ерботинға берген кепілдемесінде ақынның жинақтарына тоқталып келіп, оны балалар ақыны деп атаған. Қазақстан жазушылар одағының мүшелігіне қабылдануға ұсыныс жасаған.

Есентай Ерботин көптеген кітаптардың авторы. Міне осы кітаптарды асықпай оқып отырғанда ақынның алдымен өзінің кішкентай оқырмандармен ұғынысуға тырысатынын аңғару қиын емес. Ойын түсініктерін жеткізу үшін әр-түрлі өлең формаларын пайдаланады. Жұмбақтар, өтірік өлеңдері ойнақы ұйқастарға құрылған. Е. Ерботиннің өлең өлкесіңдегі еңбектерінің тоқтар тұсының бірі - «Балалар бала болғанда» атты жинағы. Бұл жинаққа өлеңдер, бірнеше аңыздар мен толғаулар енген. Жинақтың тақырыбы да осы аңыздарға орай қойылған.

Есентай Ерботиннің өлеңдері өрнекті, ойнақы әрі шымыр, шағын, әрі ойлы болғандықтан, жас сәбилер жылдам жаттап алатын.

Жел тымық.
Көл тұнық.
Сен мұнда
Кел, тынық.

Ақынның еліміздің өткен тарихын, әдет – ғұрпын, салт – санасын, географиясын бес саусақтай білетін, ол содан да жас буынға қазақ батырлары қаһармандықтарын жырлап, үлгі – өнеге ұсынатын. Туған жердің тауларын, суларын тамаша тақпақ етіп жазып, әсемдігін суреттейтін.

Ізденгіш ақын талмай еңбектеніп, әркез тапқырлық танытатын. Ана тілінің байлығын ашып, алуан түрлі жұмбақ, жаңылтпаш, анаграмма, криптограммалар жазатын. Мысалы, бір жұмбақты алайық:

Қыдырымпаз кезбе,
Көрінбейді көзге.
(Жел)

Бір жаңылтпашты айтып көрейік: «Ұстала – ұстала ұштала ма ұстара?». Ақынның өзі педагог болғандықтан да, әр жастағы балалардың ой өрісіне лайықтап, тағылым ұсыну тәсілін жетік білетін еді.

Е.Ерботин оқушылардың сүйіп оқитын балалар ақыны болды. Әр өлеңі балалардың жүрегінен орын алды.

Ерботин Есентайдың өлеңдері «Мурзилка» (Москва), «Барвинок» (Киев), «Веселка» (Минск) журналдарында аударылып басылды.

Ақын 1992 жылы 52 жасында қайтыс болды, осы жасқа дейінгі шығармаларына көз тіксек, ол балалар тақырыбынан бір ауытқымаған екен. Өмірінің соңғы сәтіне дейін қолынан қаламын тастамады. Шығармашылығын балаларға арнады.