Елі ардақтаған ақын

Мультимедиялық әдістемелік құрал




Құрастырушылардан

С. Торайғыров атындағы облыстық кітапхананың кітапханаларды дамыту бөлімі ақын, жазушы, журналист, публицист, ҚР Еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Қазақстан Республикасының Жазушылар одағының, Қазақстан Республикасының Журналистер одағының мүшесі, Ертіс ауданының Құрметті азаматы Мүбәрак Кәрімұлы Жаманбалиновқа арнап «Елі ардақтаған ақын» атты мультимедиялық - әдістемелік құралын дайындады. Бұл құрал балалар ақын - жазушыларының шығармаларын насихаттауға арналған «Қазақстан жазушылары - балаларға» сериясы аясында шығарылды. Балалар әдебиетінің танымал жазушыларының қатарында айтулы орынға ие қаламгер – Мүбәрак Жаманбалинов. Шығармашылық жолын педагогтік қызметте жүріп бастаған әрі балалар ақыны, әрі журналист, ел азаматы өзі қатарлас сөз шеберлерінің ықыласына әрдайым ие болып келді. Қазақ балалар поэзиясында өзіндік өрнегін салған, республикаға кеңінен танылған ақынның «Айна бұлақ», «Ашық күн», «Ақын бала», «Батыр ұстаз», «Менің інім», «Толқын», «Балғын гүлдей балақан» т.б. жинақтары балалар әдебиеті қорына қосылған өміршең дүниелер болып есептеледі. Ақынның жас ұрпаққа қатысты мол мұрасынан мектеп жасына дейінгі балаларға арналған шығармаларды кездестіруге болады. Балалар әдебиетіндегі мысал өлеңдер жанрының ізімен қоғамдағы жат қылықтарды сынап – мінейтін салмақты жеңіл юморлы, сатиралық та жырлар жазды. Өткен ғасырдың 80- жылдарының аяғына қарай қолға алынған тіл, діл, дін мәселелерінде өз сөзін айтудан тосылмаған. Павлодар – Ертіс өңірінің тарихын жинастырып, рухани асыл қазынасын жинауға ат салысты. 1958 жылдан Ертіс, Краснокутск, Железинка аудандары бойынша өзі меншікті тілші болып аралаған жерлерінің өмірі туралы тарихи деректер, аңыз – әңгімелер, шешендік сөздер, шежірелер жинастырды.

Мультимедиялық - әдістемелік құралға қазақ, орыс тіліндегі материалдар енгізілді. Құрал мынадай бөлімдерден тұрады: құрастырушылардан, өмірбаян, дәйексөз, сценарий, виртуалды көрме, әдебиеттер тізімі, фотогалерея. Виртуалды көрмедегі және берілген әдебиеттердегі тізімдерде шығармалары хронология бойынша, алфавиттік тәртіппен орналастырылған.

Құралды шығаруға С. Торайғыров атындағы облыстық кітапхананың, Ертіс аудандық кітапхананың материалдары қолданылды.

Құрал Мүбәрак Жаманбалиновтың өмірі мен шығармаларын қалың оқырманға насихаттайтын мамандарға, кітапхана қызметкерлеріне арналған.



Құраст.: Қажыбаева Ж.К., Мұсабекова Г.Т., Рахымжанова Д.С.

Дизайн және өндеу: С.А. Гуринов

Шығаруға жауапты: Байжанова Б.Б.