Академик Әлкей Марғұланның туғанына – 110 жыл

ҰЛЫ ҒҰЛАМА МАРҒҰЛАН

Мультимедиялық әдістемелік құрал


АКАДЕМИК Ә.Х.МАРҒҰЛАННЫҢ

ҒЫЛЫМИ ЖӘНЕ ҚОҒАМДЫҚ ҚЫЗМЕТТЕРІ

Әлкей Хақанұлы Марғұлан - көрнекті ғалым, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, ғалым-археолог, этнограф, шығыстанушы, тарихшы, филолог, коғам кайраткері. Қазақ халқының мандайына біткен біртуар ұлы, көзі тірісінде аңызға айналып, ғұлама атанған.

Ә.Х.Марғұлан 1904 жылы 11 мамырда Баянауыл аймағында, Жасыбай көліне жақын жерде қарапайым отбасында дүниеге келген. Әкесі Хақан өз заманының сал-сері, әншісі болған. Әжесі Әймен атақты күйші Тәттімбеттің туысы болғандықтан, балалары мен немерелерінің бойларына ән өнерінің тамаша қасиеттерін дарыта білген. Әлкей бес жасында хат таныған. Әкесі Хақан ойдан-қырдан іздеп жүріп, қазақтың ескі жырларын, Абайдың алғаш шыққан өлеңдерін, Абылғазының «Түрік шежіресін» әкеліп береді екен. Жас баланың тіліне, зеректігіне қызыққан ауыл адамдары әдейілеп бір төбенің басына жиналып, оған не қилы дастандарды оқытып, тындауды әдет қылған. Жас баланың зердесі қандай ғажап - «Қобыланды», «Алпамыс», «Көрұғлы», «Қозы Көрпеш - Баян сұлу», «Мұңлык-Зарлық» - Әлекеңнің балалық шағында жаттап алған жырлары еді. Тағдыр Әлекеңнің мандайына небір шымшытырық хикаялы оқиғаларды, небір елден ерек, күрделі тұлғалы адамдармен кездесуді жазыпты. Бала кезінде Мәшһүр Жүсіптің, Жаяу Мұсаның, Имантайдың алдында отырып, батасын алған. Әлкей Хақанұлы: «Менің ғалым болып қалыптасуыма өскен ортамдағы адамдар әсер етті, олар: Сұлтанмахмұт Торайғыров, Әбікей Сәтбаев, Қаныш Сәтбаев, Хәкім Иманбеков, Жағыпар Секербаев және Жаяу Мұса», - дейтін.

Алғашқыда ауылдық мектептен бастауыш білім алады. 1915-1919 жылдары Баянауылда ауылдық қоғам ұйымдастырған үш кластық орыс мектебінде оқиды. 1919 жылдың соңында Павлодар қаласындағы мұғалімдік курсқа түсіп, оны 1920 жылы бітіргеннен кейін туған ауылына қайтып оралып, 1-дәрежелі 2-Далба мектебінде мұғалім болып істеді. Бірақ ғалымның дүниелік ұғымы мен танымы, жан-жақтылығы ешкімге ұқсамайтынын байқаған Әбікей Сәтбаев Семейдегі педагогикалық техникумға жолдама береді. Семейде оқып жүрген кезінде Әлкей Марғұлан Мұхтар Әуезовпен танысып, онымен бірге Абай атамыздың туған жеріне барып, баласы Тұрағұлмен жүздеседі. Осы сапарында ол біраз этнографиялык мәліметтер жинайды.

Семейде Әлкей Хақанұлы «Таң» журналы, «Қазақ тілі» газетінің редакцияларымен тығыз байланыста болып, олардың тапсырмаларын орындап тұрады. 1925 жылы техникумды ойдағыдай бітіріп шығады. Осы жылы М.О.Әуезовтің ақыл-кеңесі бойынша Ленинградтағы Шығыс институтының түркология бөліміне оқуға түседі, сонымен бірге тарих-филология факультеттерінде қатар оқиды. Бұған бірнеше ғұламалардың кеңесі себеп болған еді.1928 жылдан бастап Ә.Х. Марғұлан Өнер институтына жазылады. Ә.Х.Марғұланнын ұстаздарының қатарында көптеген белгілі ғалымдар болды. Оның ішінде әсіресе Орта Азия тарихы мен археологиясы жайында академик В.В. Бартольдтің, Индия фольклоры мен өнері туралы академик С.Ф. Ольденбургтің, араб тарихи әдебиеті туралы И.Ю.Крачковскийдің, тіл білімінің тарихы мен теориясы туралы Н.Я.Маррдың, Орта Азиядағы түркі халықтарының әдебиеті жайында академик А.Н.Самойловичтің лекциялары, сонымен бірге академиктер В.В.Струве, Б.Я.Владимирцов, И.И.Мещанинов, В.Л.Щербаның және Е.Э. Бертельс, С.Е.Малов, Б.М.Эйхенбаум сияқты белгілі ғалымдардың мазмұнды лекциялары Ә.Х.Марғұланның жан-жақты, терең білім алуына көмектесіп, ғылымға деген өлшеусіз құштарлығын оятты. Ол тек студент болып ұстаздарының дәрісін тыңдаумен ғана шектелмей, өзі де ғылыми-зерттеу жұмысына қызу кірісе бастады.

Ленинградта оқып жүрген кезінен бастап, Ә.Х.Марғұлан қазақ халқының тарихы мен мәдениетін жан-жақты зерттеп, әдеби және архив деректерін жинаумен айналысты. Осы жылдарда ол көркем әдебиет саласында да біраз іс тындырды. Оның аудармасы бойынша қазақ қауымы орыстың және шетел жазушыларының көркем шығармаларымен танысты.

Әлкей Хақанұлын зерттеушілік жұмысқа баулыған адамдардың бірі - лагерьде жүріп техника ғылымдарының докторы атағын алған, 50-жылдары таулы Алтайдағы сақтардың Пазырық корғандарын қазып, дүниежүзілік жаңалық ашқан атақты ғалым С.И.Руденко.

1926-1927 жылдары Ә.Х.Марғұлан КСРО Ғылым академиясының одақтас және автономиялық республикаларды зерттеу жөніндегі Ерекше комитет мүшесі, академик А.Е.Ферсманның және профессор С.И.Руденконың басшылығымен Қазақстан және Алтай ұйымдастырылған экспедицияларының жұмысына қатынасты. Оның қазақ мәдениеті мен тұрмысын, әдет-ғұрпын,     салт-санасын     жетік     білуі     экспедицияның антропологиялық отрядының жұмысына өлшеусіз септігін тигізді. Экспедиция барысында Ә.Марғұлан Ә.Бөкейхановпен тығыз қарым-қатынас орнатып, бірлесіп қызмет жасады. Осы экспедициялық зерттеудің нәтижесінде Ә.Бөкейханов адайларға байланысты мақаласын жариялады. Сонымен қатар Ә.Марғұланның да наймандар мен адайлар туралы жазған алғашқы ғылыми мақалалары баспа жүзін көрді.

1929 жылы Ә.Х.Марғұлан Абай творчествосы туралы жазылған диплом жұмысын ойдағыдай қорғап, институтты бітіріп шықты. Одан соң ол Қазақ КСР Оқу-ағарту Комиссариатының жанындағы Жаңа алфавит комитетінде қызмет істейді. 1931 жылы Әлкей Хақанұлы Ленинградтағы Мемлекеттік материалдық мәдениет тарихы академиясының аспирантурасына түседі. Аспирантурада оқи жүріп, академик С.Ф.Ольденбургтің және КСРО Ғылым академиясының корреспондент мүшесі А.Ю.Якубовскийдің басшылығымен Шығыс елдеріне байланысты деректерді зерттейді. Шығыс Түркістан археологиясы мен өнері бойынша маманданады, көрнекті археолог ғалымдар С.И.Руденко, М.П.Грязнов, А.А.Миллер, Н.И.Репниковтер басқарған бірнеше археологиялық  экспедициялардың жұмысына қатынасады.
1943 жылы Ә.Х.Марғұлан «Хандар жарлығының тарихи маңызы» атты тақырыпта кандидиттық диссертациясын ойдағыдай қорғап шықты. Бұл зерттеу қыпшақтардың жазба ескерткіштерін зерттеудің ең алғашқы бастамасы болды. Әлкей Хақанұлы қыпшақ мәселесін қазақ халқының шығу тегінің шешуші кілті есебінде бағалады.

1938 жылы Алматыда КСРО Ғылым академиясы бөлімшесінің ашылуына байланысты тарих саласы бойынша білгір, сауатты ғалым ретінде Әлкей Марғұлан елге шақыртылады. Бұл - Қазақстан ғылымы мен ғалымдары үшін өте бір ауыр кезең болатын. 1937 жылғы қырғын қазақтың тарихы мен әдебиетінің жүгін көтеріп жүрген ғалымдардың көпшілігін жойды. Қазақ елінің рухани жүдеушілігі басталды. Бұл апаттан елді аман алып шығуға К. Сәтбаев, М. Әуезов, Ә.Марғұландар белсене кірісті. Ә.Марғұланның алдына қойған міндеті әрқилы еді, біріншіден, тарих, археология, этнография ғылымдарын жүйелеп бір жолға қою, екіншіден, ескерткіштерді зерттеуге ел ішіне ірі экспедициялар ұйымдастыру, ғылымға бейімді жастарды тәрбиелеу, тарихтың әр саласынан, әдебиеттен монографиялык еңбектер жазу.

Өзінің 1938-1985 жылдар аралығындағы Қазақ академиясынын қара шаңырағындағы қызметінде ол осы міндеттердің бәрін атқарып шықты.

Ғылымның гуманитарлық бағыттарында Ә.Х.Марғұлан араласпаған шаруа жоқ деуге болады. Ең бастысы, қазақтың ғылымның әр саласына көз тігіп жүрген жүздеген азаматтары Әлкей Марғұланның ақыл-кеңесін алды, ғылымға төселді, ғылымның қиындығына, еңбектенуге үйренді, жанында жүрген ұлы ғалымға ұқсап бағуға тырысты.

Әлкей Хақанұлы 1938 жылдан бастап КСРО ҒА-ның Қазақ филиалында, кейін өз алдына шаңырақ көтерген Қазақ КСР Ғылым академиясында үздіксіз қызмет атқарады. 1941-1946 жылдары археология секторын, ал 1957 жылдан 1976 жылға дейін Қазақ КСР ҒА-ның Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, археология  және  этнография институтының этнография бөлімін басқарады. 1976 жылдан ол палеолит бөлімінің аға қызметкері болды.

1945 жылы Ә.Марғұлан қазақ ғылымының  тарихында алғаш рет қазақтың ерлік жырларынан «Қазақ халқының эпикалык жырлары» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады. Осы күнге дейін ғылымда бұл еңбекке жақын, деңгейлес келетін зерттеу жұмысы жоқ деуге болады. Бұл жұмыс -  Әлкей Марғұланның талай жылдық еңбегінің қорытындысы іспетті.

Академик Ә.Х.Марғұлан - қазақ халқының этникалық тарихын, заттық және рухани мәдениетін ғылыми тұрғыда өте терең және кең ауқымда зерттеген үлкен ғұлама. Бұған көп жағдайда оның Ленинградта оқыған кезінде сан алуан ғылымдар саласын жете меңгеріп, лингвистика, филология, өнер, тарих, археология және этнография пәндерінен ойына тоқыған қыруар білім, таным қорларының молдығы септігін тигізгені даусыз. Бойына жинақтаған білімін табиғи ақыл-ой парасаты, ерен еңбекқорлығымен берік ұштастыра білген Ә.Марғұланның Қазақстан ғылымының көптеген салаларының, атап айтқанда, қола дәуірі мен орта ғасырлық археологияның, Қазақстан жерінде мекендеген көне халықтар тарихының, қазақ халқының мәдениеті мен өнер тарихының, этнографиясы мен археологиясының негізін салушы ретінде құрметке бөленуі әбден занды. Ол 40-жылдардың басынан бастап көне жазба ескерткіштерді және қазақ халқының рухани мәдениетін, фольклорын жан-жақты зерттеумен бірге, Қазақстан жеріндегі археологиялық ескерткіштер кешенін іздестіру, табу және зерттеу ісін алғашқылардың бірі болып бастады. Әлкей Хақанұлы Қазақстан жеріндегі көне сауда жолдары мен көш соқпақтарын бойлай өтіп, кең байтақ шөл далалардан, кұлазыған құмдардан ондаған жаңа археологиялык ескерткіштер тауып, оларды ғылыми тұрғыда жан-жақты зерттеп, ғылым әлеміне танытты. Ә.Х.Марғұланның ғылыми ізденістерінің нәтижесінде Қазақстанда көне мәдениеттің көптеген іздері табылып, археологиялық және этнографиялық зерттеулердің берік іргетасы қаланды. Бұрынғы көптеген зерттеушілер мен саяхатшылардың Қазақстан жерін ежелден бері көшпенділердің бірнеше көш жолдары ғана кесіп өтетін тіршіліксіз құба жон деп санаған теріс екендігі дәлелденді. Қазақстан жерінде тіршіліктін, көне мәдениеттің болғандығы, бірақ әртүрлі тарихи жағдайларға байланысты олардың үзіліп, көне қоныстарды кұм басып калғаны ғылыми тұрғыда айғақталды. Бұған ғалымның Оңтүстік Қазақстандағы Сыр, Талас және Шу өзендерінің бойынан көне қола мәдениеттін іздерін ашуы дәлел. Отырар, Тараз, Сайрам және Сығанақ қалаларында археологиялық қазба жұмыстарын жүргізумен бірге, сан алуан көне аңыз-әңгімелер, ертегілер мен эпикалық жырлар нұсқаларын ел арасынан көптеп жинады. Сөйтіп, қазақтың заттық мәдениетімен қатар рухани мәдениетімен де жете шұғылданады.

1940-1941 жылдары  Ә.Марғұлан оннан аса ғылыми еңбек жазды. Мәшһүр Жүсіп мұрасы, түркі эпосы, сонын ішінде «Едіге» мен «Орақ-Мамай» жырлары, декабристер және Қазақстан, Әлішер Науаи және қазақ мәдениеті, Мұхаммед Хайдар, Шоқан Уәлиханов және Орта Азия тарихы, Суворов, Жамбыл Жабаев туралы зерттеу еңбектеріне көз жіберсеңіз, Әлкей Марғұланның ой-өрісіне, қабілет-қарымына таң қаласыз. Бұған қоса, Қазақстан ғылымы жөнінде, соның ішінде тарих бөлімінің болашағы жөнінде жазған мақалалары өте құнды. Мүмкін, соңғы тізімге кірген дүниелер заманның әлеуметтік сұранысын қанағаттандыру мақсатында жазылған шығар. Алайда соған қарамастан, Әлкей Марғұлан негізгі міңдетін, яғни халық тарихының қайнар көзін ашып, елге таныстыруды бір сәтте естен шығармады. 1941 жылы Ә.Марғұлан Қ.Жұмалиевпен бірлесіп «Қазақ әдебиетінің» оқулығын жазды. Орта мектептің 8 сыныбына арналған ауыз әдебиеті нұсқаларын талдау. Көлемі 160 бет.

Ғұлама үшін 30-жылдардың ортасы ауыр болды. Ол бірнеше рет қудалауға ұшырайды. Ақыры ауыр науқастанып емханаға түсуіне, сонында бәрін қойып, археологияға бір жола бет бұруына да осы жылдар дүрбелеңі себеп болды.

1940 жылдардың аяғында газет беттерінде қазақтың ұлтшылдығы туралы, соның ішінде Е.Бекмахановты, Б.Сүлейменовті, Е.Ысмайыловты, Қ.Жұмалиевті, қаралаған, жау санаған мақалалар көптеп жарияланды. Бұл ретте Қазақстан Орталық комитетінің жарлықтарынан және Б.Степановтың мақаласынан бірнеше мысалдар келтіруге болады: «Доктор филологических наук Маргулан в своей книге «Эдыге в истории и преданиях» (1944 год) наделяет Эдыге -этого злейшего врага русского народа - всеми лучшими чертами казахского народа»; «В книге А.Маргулана «О характере и исторической обусловленности казахского эпоса», в которой обобщен большой труд, автор не дал партийного освещения тех задач, какие должны были быть решены в этой книге»; «Извечная борьба за независимость положена в основу периодизации истории казахского эпоса. Развитие производства, классовая борьба, чаяния и ожидания народных масс в борьбе против эксплуататоров - все это остается в тени». Ә.Марғұланның еңбектерін сынаған бұл пікірлерден біздің қоғамдық ғылымдарды әбден тұралаткан партиялық қатаң бақылауды және әлі арыла алмай келе жаткан нәрсе - ұлттық нигилизмге тәрбиелеу нышандарын айқын аңғаруға болады.

Б.Степановтың мақаласы 1947 жылдың қаңтарыңда «Большевик Казахстана» журналында жарық көрді. Содан бастап 50-жылдардың ортасына дейін Ә. Марғұланның қуғын-сүргіннен бос болған күндері шамалы.

Еш жазықсыз, үздіксіз қудалаудан қазақ зиялылары әбден запы болды, Қаныш пен Мұхтар бастаған қазақтың интеллектуалды күші жан сауғалап жан-жаққа бытырауға мәжбүр болды. Көпшілігі көрші республикаларға, тіпті Ресейге, орыс ішіне еніп кетті. Марғұлан болса, Сарайшықтан келе жатып Қызылордада ұсталды, одан емханаға түсті. Ол қазақ ғылымын осыншама қорлаған үкімет саясатын түсіне алмай-ақ қойды. Ғылымсыз қалай ел болмақпыз, ғалым елдің еркесі болмас па, қаншама жылдар бойы көз майын тауысып қаракөлеңке лабораторияларда жүрген, айлар бойы архив қазынасын ақтарып тапжылмай отыратын шақтардың бір қайтымы болмас па? Егер қазақ сияқты ұлт өз тарихынан мақұрым болып, өз эпостарынан қол үзсе, ел болудан қалады. Рухани жүдеушілік деген, міне, осыны айтар болар. Ел рухына негіз болар тұтқа  -  тарихи санасы, ұрпақ алдындағы жауаптылығы, дамыған әдебиеті мен ұлттық мәдениеті. Рухсыз ел - парықсыз ел, шаруашылықты жөндесек, экономикамыз алға басса, өзінен-өзі рухты боламыз деген пікір тайыз, үстірт адамдардың жұтаң кағидасы. Қиындық кешкен шақтарда ұлы осындай ғалымды ойлар мазалағаны анық.

Ғылыми шығармашылығына байланысты тағы бір айта кететін жайт, 1946 жылы жазылған «Сырым батыр» атты мақаласының жарияланбай қалуы. Бұл еңбек ҚР ҰҒА Орталық ғылыми кітапханасында қолжазба түрінде сақталған. Мақалада ол қазақ тарихшыларының ішінде бірінші болып С.Датұлының қозғалысына ұлт-азаттық сипат берген.

Ғылымдағы осы тоқырау Әлкей Марғұланды бір жола археологиямен айналысуға мәжбүр етті. Марғұлан құрған Орталық Қазақстан экспедициясы 40 жыл бойы Сарыарқаның шетсіз-шексіз түкпірлерін ерінбей аралады. Ұлы ғалым негізін салған бұл ғылыми топ дала төсіндегі көне мәдениет нұсқаларын алғаш рет ғылыми қағаз бетіне іліктірді. Марғұлан мен оның шәкірттерінің әсіресе шұқшия зерттегені қола дәуірінен сақталған мұрағаттар болды. Біздің қазіргі заманымыздан төрт мың жыл бұрын қазақ даласы қола мәдениетінің аса ірі орталығы болғанына сол өңірден табылған мыңдаған ірі қорғандар, қала-қоныс орындары, кен өндірген күрделі шаруашылық алаңдары, су жинайтын алапат бөгеттер айғақ. Орталық Қазақстанның бір өзінен Әлкей Марғұлан бастаған экспедиция 60-тан астам қоныстың орнын зерттеді. Ә.Марғұланның және оның шәкірттерінің жүргізген зерттеулерінің нәтижесінде, оның өз сөзімен айтқанда, бұрын «Алтай және Қара теңіз жағасындағы даладағы екі көне өркениеттің аралығында қыспақта тұншыққан, тіршіліксіз Орталық теңіз сияқтанған Орталық Қазақстан» ғылым үшін маңызды көне мәдениет және өркениет ошағы ретінде қайта ашылды.

30 жылдан астам уақыт ішінде Ә.Марғұланның басшылығымен Орталық Қазақстанда жүйелі түрде археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп, қола дәуірінің және көшпенді тайпалардың мәдениеті жан-жақты зерттелді. Қазіргі күнде Ә.Марғұланның ғылыми еңбектерінің арқасында сақтар мәдениеті андрон мәдениетінің занды жалғасы екендігі толық дәлелденіп, бұл екі мәдениеттің арасында Беғазы-Дәндібай мәдениетінің дәнекерлік роль атқаратындығы ғылыми тұрғыда негізделді. Орталық Қазақстанда жүргізген археологиялық зерттеулердің алғашқы қорытындысы есебінде Ә.Марғұланның басқаруымен және оның тікелей қатысуымен жазылған монографиялық еңбек Орталық Қазақстанның көне мәдениетін талдауға арналған. Бұл зерттеу 1967 жылы Қазақ КСР ҒА-ның Ш.Ш.Уәлиханов атындағы сыйлығына ие болды. Орталық Қазақстанда археологиялық зерттеудің екінші кезені Әлкей Хақанұлыньщ Беғазы-Дәндібай мәдениеті туралы арнайы монографиясы мен бес томдық Қазақ КСР тарихында қарастырылған. Қазақ КСР тарихы бес томдығының жетекші авторының бірі ретінде Әлкей Хаканұлы 1982 жылы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығына ие болды.

Ә.Марғұланның «Орталық Қазақстандағы Беғазы-Дәндібай мәдениеті» атты кітабынын жарыққа шығуы республиканың ғылыми өміріндегі үлкен оқиға болды. Бір қуаныштысы, ғалымның еңбегі зая кеткен жоқ, ел кұрметіне бөленді. Тоталитаризмнен тұралап қалған ел рухын осылай оятқан, қазақ ғылымынын беделін де сақтап калған Әлкей Марғұлан болатын. Әлкей Марғұланның аты Сарыарқа даласында аңызға айналып, ертегінің кейіпкеріндей дәріптелді. Халық ықыласы Марғұланды қазақтың төл тарихы, төл мәдениеті, төл өнері сияқты жаңа тақырыптарға жетеледі. Тарихшы аталатын қауымның 95%-ы партия, совет тарихына ауып кеткенде, төл тарихтың жүгін Әлкей Марғұлан қара нардай жалғыз көтере білді.

Марғұланның этнография, археология, архитектура тақырыбындағы, жас ғалымдардың әлі де іздеп жүріп оқитын ондаған мақаласы сол жылдары жазылды. Тек мақаламен шектелмей, кітаптарын да шығарды. Олардың ішінде осы күнге дейін маңыздылығын жоғалтпаған «Көне қазақ  жерінің қалалары мен құрылыс өнерінің тарихы» (1950 ж.) кітабын ерекше бөліп айтуға болады. Ә. Марғұлан, бір ғажабы, қолы қалт еткенде жас ұрпақтың тәрбиесін ойлап, өзі ашқан жаңалықтары, қазақтың бұрыңғы-соңғы тарихы, ғылымның әр саласының ерекшеліктері туралы әртүрлі қазақ басылымдарына, соның ішінде балаларға арналған журналдарға да мақала беріп отыратын.

Әлкей Марғұлан 1955 жылдан бастап Абай мен Шоқан тақырыбына қайта оралды. Марғұланның басқаруымен 1958 жылы Шоқанның тандамалы шығармалар жинағы жарық көрді. 1957-1967 жылдарда Ә.Марғұланның басшылығымен Ш. Уәлихановтың бес томдық академиялык жинағы дайындалды. Бұл ұлан-ғайыр еңбекті атқаруда Әлкей Марғұлан дем берген Мұхтар мен Қаныш сияқты қазақтың аяулы азаматтары еді.

Ә. Марғұлан КСРО-дағы архивтерді ақтарып отырып, Шоқанның қаламынан туған 300-дей шығармасын тапты. Оларға ғылыми редакция жасап, бүкіл қара жұмысын атқарды. Ал Шоқан жазбаларының көпшілігі бұрын жарық көрмегенін, жазу тәсімнің қиыңдығын, ойлау жүйесінін тым еркіндігін, кей жұмысының шала аяқталғанын ескерсек, Әлкей Марғұланның атқарған жұмыс бағасы белгілі болады. Бұл шаруа ондаған жылдарға созылды, соның нәтижесінде ғұлама Шоқан туралы 300 беттен аса өмірбаяндық кітап жазып, қолжазбасын қалдырды. Шоқан Уәлихановтың 150 жылдығына байланысты бес томдық қайта басылғанда, Ә. Марғұлан қартайса да, игі істің басында жүрді. Бірақ, Әлкей Марғұлан өзі айтқандай, орыстың әскери ведомстволарында жатқан көптеген қағаздарды қолға түсіру мүмкін болмады. Шоқан мұрасын көп жылдар бойы зерттеудің занды жалғасы ретінде, Ә.Марғұлан «Шоқан мен Манас» атты монографияны жазуға қыруар еңбек сінірді. Бұл жұмыста Әлкей Хақанұлы қырғыз эпосы «Манастың» әртүрлі нұсқаларын салыстыра отырып зерттеудің нәтижесінде оған ғылыми талдау жасап, Ш.Уәлихановтың «Манасты» зерттеуге қосқан үлесін де анықтап, нақтылай түсті.   

Ә.Марғұлан Қазақстанның мәдениет тарихын зерттеу мәселесін ешқашанда өз назарынан тыс қалдырған емес. Басқа авторлармен бірлесіп, Қазақстанның орта ғасырлық архитектурасының тарихы туралы түбегейлі ғылыми монографияны бастырып шығарды. Қазақтың қолөнері жайында үш томдық үлкен еңбегі жарыққа шықты. Бұл еңбек көп жылдар бойы экспедиция кезінде ел арасынан, музейлер қорынан, архив қоймаларынан және қолөнер тарихына байланысты баспа жүзін көрген әдеби шығармалардан ерінбей жинаған нақты деректердің негізінде жазылды.

Бірнеше жыл тарих, археология және этнография институтының этнография бөлімін басқара отырып, Ә.Марғұлан Қазақстанда этнография ғылымының дамуына да айтарлықтай үлес қосты. Оның басшылығымен және тікелей қатысуымен «Қазақ колхозды ауылының мәдениеті мен тұрмысы» атты үлкен монографиялық еңбек жарыққа шықты. Ол Қазақстанда этнограф, археолог және тарихшы ғалымдардың сан ұрпағын дайындады, шәкірттерінің ішінде белгілі археологтар мен этнографтар көптеп саналады. Олардың қатарында темір дәуірінің алғашқы кезеңін зерттеуші М.Қ.Қадырбаев, көне түрік дәуірінің зерттеушісі Ф.Арыстанов, қазақтардың этникалық тарихын зерттеуші М.С.Мұқанов, қыпшақтардың этникалык тұтастығын зерттеуші С.М.Ақынжанов, қазақтардың отбасы-некелік қатынастарын зерттеуші Х.А.Арғынбаев, исламға дейінгі діни сенімдер мәселесін зерттеуші С. Ақатаев, т.б. айтуға болады.

Ә.Марғұлан үлкен ғылыми, педагогикалық еңбекті ұйымдастыру ісімен де шебер ұштастыра білді. Ол көп жылдар бойы қазақ халқының шығу тегі туралы Координациялык кеңесті басқарды, сонымен бірге Қазақ КСР тарихының барлық басылымдарында редколлегия мүшесі, Қазақ КСР ҒА Тарих, археология және этнография институтының ғылыми кеңесінің, маманданған докторлық және кандидаттық диссертациялар қорғау кеңестерінің мүшелері болды.

Ә.Марғұлан дүниежүзі ғалымдарының сан алуан жиындарында, конгрестер мен симпозиумдарда ғылыми баяндамалар жасады. Әсіресе, шығыстанушылардың XXV конгресінде «Орталық Казақстанның жаңа табылған қола дәуірінің ескерткіштері», антропология және этнография ғылымдарының VII,VIII дүниежүзілік конгрестерінде жасаған «Қазақ  киіз үйі», «Қазақстанның исламға дейінгі архитектурасы» атты баяндамалары ғылымға қосқан үлкен үлес ретінде жоғары бағаланып, ғалымдар назарын бірден аударды. Ә.Марғұлан шетелдік шығыстанушы, археолог және этнограф ғалымдармен тығыз байланыс жүргізді. Оның ғылыми еңбектерінің бірқатары шетел тілдеріне де аударылған.

Ә.Марғұлан Отанымыздың көптеген ғылыми мекемелерімен тығыз байланыс жасауға көп көңіл бөлді. Ол Москва, Ленинград, Новосібір, Ташкент, Фрунзе және Душанбе қалаларына сан рет диссертациялық жұмыстарға оппоненттілікке шақырылды. Ғалым Қазақстанның тарихи ескерткіштерді қорғау мәселесіне атсалысып, көптеген пайдалы кеңестер берді, ғылым табыстарын радио, теледидар хабарлары арқылы уағыздау ісіне де көп көңіл бөлді.

Қарап отырсақ, ғұламаның көзі тірісінде 400-ден аса әртүрлі ғылыми еңбектері жарық көріпті. Жоғарыда айтылғандармен қоса, қола дәуірінің тамаша, жарқын сәттерін суреттейтін «Древняя культура Центрального Казахстана» және қазақ даласыңда көшпелі өмір салтының қалыптасу кезеңіне арналған «Бегазы-Дандыбаевская культура Центрального Казахстана» атты монографиялык еңбектері - дүниежүзіне белгілі, Қазақстандағы археологиялық зерттеулердің шыңы іспеттес дүниелер. Әлкей Марғұланның өнер саласында жазған еңбектері де бірсыдырғы жарияланды, әсіресе «Казахское прикладное искусство» атты үш томдығы тендессіз еңбек саналды. Халық эпосына байланысты әртүрлі мақалалары қазақтың мерзімдік баспасөзінде, соның ішінде «Жұлдыз» журналында жиі жарық көріп жүрді. Әлкей Марғұланның Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев туралы естеліктерінің орны және бөлек.

Ә. Марғұлан «Ер Тарғын» жырын қазақшадан толық түрінде алғаш орысшаға түсірген. Шоқан жөнінде 50-ден аса мақала жазды. Ә. Марғұлан қазақшадан орысшаға, орысшадан қазақшаға өзі аударып отырған. Шығыс институтына сабақ берген. Ә. Марғұлан аспирант кезінде бұл институттың студентеріне түрік тілдерінен, соның ішінде өзбек, қазақ тілдерінен дәріс оқыған.

Ә. Марғұланның қаламынан туған соңғы дүние «Орталық Қазақстан архитектурасы» деп аталады. Ғұлама бұл кітапты өмір бойы жазды ма екен, әлде әдейілеп созды ма екен, ол жағы белгісіз.

Ә.Х.Марғұланның жетекшілігімен 50-ден астам кандидаттық және докторлық диссертациялар қорғалды. 1946 жылдан Қазақ КСР ҒА-ның корреспондент-мүшесі болды, 1958 жылы академик, ал 1960 жылы профессорлық атақты иеленді. Бүкілодақтық географиялық қоғамның мүшесі болды, қазақтардың этногенезі бойынша Координациялык кеңесті басқарды.

Ғылымдағы үздіксіз табыстары үшін ол Ленин, Еңбек Қызыл Ту және Халықтар достығы ордендерімен, «1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысындағы ерлік еңбегі үшін», 1961 жылы оған «Қазақ ССР-ның еңбек сіңірген ғылым қайраткері» атағы берілді.

Ғылымның сан саласын жете меңгерген парасатты ғұлама, Қазақстанда археология ғылымының негізін салушы зерделі ғалым, ғылымның көрнекті ұйымдастырушысы, аяулы азамат және педагог Ә.Х. Марғұланды бүкіл қазақ жұртшылығы жақсы біледі, өзінің адал ұлдарының бірі есебінде құрмет тұтады.