ӘЛКЕЙ ХАҚАНҰЛЫ МАРҒҰЛАН - көрнекті ғалым, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, ғалым-археолог, этнограф, шығыстанушы, тарихшы, филолог, коғам кайраткері. Қазақ халқының мандайына біткен біртуар ұлы, көзі тірісінде аңызға айналып, ғұлама атанған.
Ә.Х.Марғұлан 1904 жылы 11 мамырда Баянауыл аймағында, Жасыбай көліне жақын жерде қарапайым отбасында дүниеге келген. Әкесі Хақан өз заманының сал-сері, әншісі болған. Әжесі Әймен атақты күйші Тәттімбеттің туысы болғандықтан, балалары мен немерелерінің бойларына ән өнерінің тамаша қасиеттерін дарыта білген. Әлкей бес жасында хат таныған. Әкесі Хақан ойдан-қырдан іздеп жүріп, қазақтың ескі жырларын, Абайдың алғаш шыққан өлеңдерін, Абылғазының «Түрік шежіресін» әкеліп береді екен. Жас баланың тіліне, зеректігіне қызыққан ауыл адамдары әдейілеп бір төбенің басына жиналып, оған не қилы дастандарды оқытып, тындауды әдет қылған. Тағдыр Әлекеңнің мандайына небір шымшытырық хикаялы оқиғаларды, небір елден ерек, күрделі тұлғалы адамдармен кездесуді жазыпты. Бала кезінде Мәшһүр Жүсіптің, Жаяу Мұсаның, Имантайдың алдында отырып, батасын алған. Әлкей Хақанұлы: «Менің ғалым болып қалыптасуыма өскен ортамдағы адамдар әсер етті, олар: Сұлтанмахмұт Торайғыров, Әбікей Сәтбаев, Қаныш Сәтбаев, Хәкім Иманбеков, Жағыпар Секербаев және Жаяу Мұса», - дейтін.
Білім жолы
Әлкей Хақанұлы Марғұлан бастапқы бiлiмдi ауыл мектебiнен алды. Павлодар қаласындағы мұғалiмдер курсын бiтiрiп‚ туған аулында мұғалiм болып iстедi. Семей педагогикалық техникумының студентi бола жүрiп‚ «Таң» журналы мен «Қазақ тiлi» газетiнiң редакцияларында (1921–25) қызмет атқарған. Осы жылдары ол М.О.Әуезовпен‚ М.Жұмабаевпен танысты. Ленинград (қазiргi Санкт-Петербург) қаласындағы Шығыстану институтының түркiтану және тарих-филология факультеттерiнде (1925–29) қатар оқыды.
Еңбек жолы
Ә. Марғұлан КСРО ғылым академиясының академигі А.Е.Ферсман мен профессор С.И.Руденконың басшылығымен ұйымдастырылған Қазақстан және Алтай археология және этнография экспедицияларының (1926–1927) жұмысына қатысты. Экспедиция кезiнде Ә.Н.Бөкейхановпен тығыз қарым-қатынас орнатып, бiрлесiп қызмет жасады. Ә. Марғұлан 1928 жылдан қазақ халқына қатысты әдеби, мұрағаттық материалдар жинақтаумен шұғылданды.
1941 жылы КСРО ғылым академиясы Қазақ бөлiмшесiнiң тарих бөлiмiн басқарды. «Қазақ халқының эпикалық жыр дастандары» тақырыбында қорғаған докторлық диссертациясы қазақ әдебиетi мен тарихы саласындағы iргелi зерттеулердiң нәтижесi саналды. Археология, палеолит бөлiмiнiң меңгерушiсi, аға ғылыми қызметкерi (1946–1953), Қазақстан ғылым академиясының Архитектура құрылыс және құрылыс материалдары институтының аға ғылыми қызметкерi (1953–1955) болды; кейін этнография бөлiмiн (1958–1976) басқарды. 1976–1984 ж. Қазақстан Ғылым Академиясы этнография бөлiмiнiң аға ғылыми қызметкерi болды. Оның ынта-жiгерi мен ұсынысы бойынша қазақ даласының ең шалғай аудандарына бiрнеше археологиялық және этнографиялық экспедициялар ұйымдастырылды. Ол өзiне дейiнгi Қазақстанды зерттеушi орыс ғалымдарының қазақ даласы тек көшпелiлер мекенi болды деген тұжырымдарының шындыққа сай келмейтiндiгiн дәлелдедi.
Ғылыми қызметі
1929 жылы Абай шығармалары туралы дипломдық жұмыс қорғап‚ орыс география қоғамы архивiндегi Абай қолжазбалары туралы нақты тарихи деректер негiзiнде ғылыми дәйектi тұжырымдар жасады. Терминология комиссияның ғалым-хатшысы (1930–31), Ленинград қасындағы Мемлекеттік материалдық мәдениет тарихы академиясының аспиранты (1931–34)‚ Шығыстану институтының оқытушысы (1931–35), Мәскеу қаласындағы материалдық Мәдениет тарихы институтының iзденушiсi және ғылыми қызметкерi (1936–38) болды. Осы жылдары ол Шығыс Түркiстан археологиясы мен өнерi бойынша маманданып, бiрнеше археологиялық экспедицияларға қатысты. КСРО ғылым академиясының қазақ бөлiмшесi Тарих институтының аға ғылыми қызметкерi (1939–41) болды. 1941 жылы Қазақ бөлiмшесiнiң тарих бөлiмiн қызметінде жүрiп «Хандар жарлығының тарихи маңызы» деген тақырыпта қорғаған канд. диссертациясында (1943) көне қыпшақ тарихына байланысты құнды зерттеулер жасады.
Еңбектері
Марғұлан тарих, археология, этнография, әдебиет, өнер (қолданбалы және сәулет өнерi) және металлургия саласына қатысты 300-ден астам ғылыми зерттеулер жұмыстар, 100-ден астам энциклопедия, мақалалар жазды‚ сонымен қатар қазақстандық этнографтардың, археологтардың, тарихшылардың бiрнеше буынын даярлады. Ә. Марғұланның ғылыми еңбектерiнің бiрқатары шетел тiлдерiне аударылды. 1991 жылы Қазақстан ҰҒА-ның Тарих, археология және этнология институтындағы археология орталығының негiзiнде Марғұлан атындағы Археология институты құрылды. Астана, Павлодар, Екiбастұз, Жезқазған қалалары мен Оңт. Қазақстан облысында, Баянауыл, Екiбастұз аудандарында бiрнеше көшелер, мектептер Ә.Марғұлан есiмiмен аталады. Павлодар қаласында мүсiнi орнатылған‚ сондай-ақ Павлодар мемлекеттік университетiнде Марғұлан атында стипендия тағайындалып‚ музей ашылған. 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО-ның шешiмiмен дүниежүзілік деңгейде аталып өттi (2004). Қазақстан ҒА-ның Уәлиханов атынд. (1967), Қазақ КСР-і Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты. Ленин, Еңбек Қызыл Ту, Халықтар достығы ордендерiмен және медальдармен марапатталған. Оның «Мәшһүр Жүсiп мұрасындағы түркi эпосы», «Декабристер және Қазақстан», «Әлiшер Науаи және қазақ мәдениетi», «Мұхаммед Хайдар – тарихшы», «Шоқан Уәлиханов және Орта Азия тарихы», «Суворов», «Жамбыл Жабаев» (1940–1941), т.б. еңбектерi жарық көрдi. (1958–1976) жылдары Марғұлан Сырдария, Шу, Талас өзендерi бойында және Отырар, Сауран, Сығанақ қалалары орнында қазба жұмыстарын жүргiзiп, соның негiзiнде «Көне қазақ жерiнiң қалалары мен құрылыс өнерiнiң тарихы» аталатын монографиясын (1950) жариялады. К.Ақышев, М.Қадырбаев, М.Оразбаевтармен бiрге Орталық Қазақстанда жүргiзген археология қазба жұмыстарының қорытындысы саналатын «Орталық Қазақстанның ежелгi мәдениетi» (Древняя литература Центрального Казахстана, 1966) атты ғылыми-зертханалық еңбегiн жазып‚ кiтаптың редакциясын басқарды. Марғұлан «Қазақ халқының көне замандағы ақындық өнерiнiң шеберлерi» атты еңбегiнде (1959) қазақ халқының эпикалық жыр дәстүрiн дамытқан ақындарға, шебер орындаушыларға, сал-серiлерге тоқталып, олардың сөз өнерiндегi орнын айқындады. Еңбектегi ғылыми тұжырымдар танымдық тереңдiгiмен ерекшеленедi, онда көне ойшылдардан бастап Жанақ, Шөже, Арыстанбай, Марабай, Сүйiнбай, Жамбыл, Нұрпейiс, Иса секiлдi ақындар шығармашылығы талданады. Марғұланның «Тамғалы тас жазуы» атты зерттеуiнде әдеби-тарихи һәм мәдени деректер молынан кездеседi. Ол сонымен қатар қырғыз халқының «Манас» эпосы туралы ғылыми-зерттеулер iсiнiң дамуына үлес қосты. Қырғыз эпосын дүние жүзiне алғаш таныстырған Ш.Ш.Уәлиханов, кеңес заманында бастапқы зерттеулердi жүргiзген Әуезов болса, кейiннен осы дәстүр Мағұланның «Шоқан және Манас» атты монографиясында жалғасты. Ол эпостағы өмiр шындығы, жырдың шығу тегi, дәуiрi, кейiпкерлерi мен көркемдiк кестесi және манасшылардың жырды жетiлдiрудегi қызметi‚ т.б. жөнiнде ғылыми маңызы жоғары пiкiрлер айтты. 1957–1967 жылдары Уәлихановтың ғылыми мұраларын жинайтын топқа (Әуезов, С.Бәйiшев, С.Мұқанов, Қ.И.Сәтбаев, А.Нүсiпбековпен бiрге) басшылық етiп, оның таңдамалы (1958) және 5 томдық шығармалар жинағын жарыққа шығарды.