Сайын Мұратбеков - 80 жыл

ӨМІР ЖЫРЫН ШЕРТЕ БІЛГЕН

Мультимедиялық әдістемелік құрал


Алғы сөз

С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхананың кітапханаларды дамыту және әдістемелік жұмыс бөлімі Сайын Мұратбековтың туғанына 80 жыл толуына орай «Өмір сырын шерте білген» атты мультимедиялық – әдістемелік құралын шығарды. Бұл құрал балалар ақын - жазушыларының шығармаларын насихаттауға арналған «Қазақстан жазушылары - балаларға» сериясы аясында шығарылып отыр. Мультимедиялық - әдістемелік құралдың бөлімдері: алғы сөз, жазушының өмір жолы, фотолар, дәйексөздер, виртуалды кітап көрмесі, іс-шаралар, әдебиеттер тізімі.

Сайын Мұратбеков 1936 жылы 15 қазанда бұрынғы Талдықорған облысы, Қапал ауданына қарасты Қоңыр ауылында дүниеге келген. Жазушының алғашқы шығармалары 50-жылдардың аяғында жариялана бастаған. «Менің қарындасым», «Ауыл оты», «Көкорай», «Отау үй», «Жабайы алма», «Дос іздеп жүрмін», «Ескек жел» жинақтары, таңдамалы шығармалары, «Қалың қар», «Өліара» повестері кітап боп шықты. Алматы баспаларынан орыс тілінде «Дом молодых», «Камен тугай», «Дикая яблоня», т.б. кітаптары, Мәскеу баспаларынан әр жылдары жарық көрген «Дикая яблоня», «На вершине Учкары», «Запах полыни», «У теплого родника», т.б. кітаптары, Ташкентте өзбек тілінде «Евшан иісі», Қазанда татар тілінде «Әрем иісі», украин, белорус, грузин, армян, әзербайжан, литва, т.б. туыстас халықтар тілдерінде әңгіме, повестері, араб тілінде «Жусан иісі» повестері мен әңгімелері жеке кітап болып шықты. Аударма саласында Ә.Әлімжановтың белгілі роман-повестерін, сондай-ақ Г. Толмачевтің Д. Қонаев, Н. Назарбаев туралы деректі повестерін, Алекс ла Гуманың «Тас ғалам» романын қазақшалаған. «Тел өскен ұл» (реж. Ш. Бейсенбаев, 1976) кинофильм сценарийінің авторы. 2003 жылы «Жабайы алма» повесі үшін Тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының лауреаты атанды. «Құрмет Белгісі» орденімен марапатталған. 1990 жылы «Қалың қар» повесі үшін Қазақстан Жазушылар одағының М.Әуезов атындағы әдеби сыйлығы, 1998 жылы Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері атағы берілген. 2006 жылы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды.

Құрал Сайын Мұратбековтың өмірі мен шығармаларын қалың оқырманға насихаттайтын мамандарға, кітапхана қызметкерлеріне арналған.


Құрастырушы: Қабышева А.Б.

Шығаруға жауапты: Қажыбаева Ж.К.

Дизайн және өндеу: Гуринов С.А.