Бізде шағын жанр - әңгімені жаңа форма, тың тақырыппен байыта отырып, оны жоғары деңгейге көтерудің ізгі нышандары байқалуда. Оған жас жазушы Сайын Мұратбековтің «Менің қарындасым» әңгімесін мысалға келтіруге болады. Оймақтай нәрседен ой түйіндеуге тырысқан бұл шығармада мөлдірлік, табиғилық, сыршыл лиризм мен адам жанына барлау жасаған психологизм ұшқындары бар.
Тахауи Ахтанов
Табиғаты әсем өлкеде туған суреткер көзін аша сала көрген әлемді сөзбен тіркеуге тырысты. Миуалы дүниенің мәуесін мәпелеп тірлік кешкен бағбан ортаның биязы да бипаз құлығын сол қалпында сөзбен жеткізуге ұмтылды. Шалғынның сусылы мен бұлақтың сылдырын тыңдап өскен нәзік сезім тіршілікті пәк қалпында түйсініп, түсініп, өзгелерді де сұлулыққа еліктіре біледі. Жиырмасыншы ғасырдағы қазақ сөз өнері жәрмеңкесінің бір төрінде – Жетісу бағынан жаңа үзіп әкелген бір себет миуадай жұпар аңқып бір үйір кітаптар тұрар. Ол – Сайын Мұратбековтің әңгімелері мен хикаяттары. Дер кезінде жұлынған жемістердей шырыны да сүйкімін таныта алатындай сындарлы туыңдылар.
Әбіш Кекілбаев
Зергер сөздің шебері жазушы Сайын Мұратбеков, өмірдің болмысын шынайы бейнелейтін таңғы шықтай мөлдір шығармалары арқылы оқырмандардың жан жүрегін баурап, ықылас-құрметіне бөленген сирек дарын иесі. Сайын біздің - ұлттық құндылығымыз оның шығармасының ғұмыры ұзақ. Бүгін болмаса ертең, ұлтына қарамай-ақ өз оқырманымен ажырамастай табысатыны кәміл.
Шерхан Мұртаза
Сайын Мұратбеков шығармашылығындағы шынайылығы, өмірсүйгіштік қуаты арқылы бұл көркемдік тенденцияның қоғам тынысын әсіресе жарқын тұстарынан барынша жан-жақты бейнелеу талаптарын жүзеге асырудағы елеулі үлесіне күмән тудырмайды. Ол роман жазған жоқ. Оның романы - әңгімелері. Ал әңгімелері мәңгілік даңқтың иелігіне шақыру алған. Қаламгер бақыты сондай-ақ болсын...
Бақытжан Майтанов
Сайын Мұратбеков өзіне ғана тән тақырыптық, жанрлық, стильдік даралығы, ерекше сөз нақышы, ашық үні, өзіндік бояуы бар шығармалармен танылады.
Мырзатай Серғалиев
Сайын Мұратбековтң «Таңғы шық», «Райгүл» сияқты алғашқы әңгімелері мен «Басында Үшқараның...», «Жусан исі» сияқты повестері барша оқырман қауымды елең еткізді. Алматы жоғары оқу орындарындағы жатақханаларда бұл шығармалар қолдан-қолға өтіп оқылды. Студенттер жай оқып қана қоймай, ақ езу, көк езу болысып, өзара талқыласып та жатты.
Ұзақбай Доспанбетов
Жалпы, қазақ әдебиетінде шағын жанр, әңгіме жанрын шыңға шығарған сөзсіз дүлдүл Бейімбет Майлин еді. Оның жолын қумаған, ықпалына түспеген жан прозада кемде-кем. Бәрімізді Бейімбеттің шекпенінен шықтық деп айтуға болады. Сол Би-ағаңның жолын қуған, шағын жанрға бүкіл өмірін арнаған жалғыз жазушы болса, ол Сайын Мұратбеков еді. ХХ ғасырдың екінші жартысында қазақ әңгімесін жаңа белеске көтерген осы қаламгер десем қателеспеймін. Мен Сайынды мақтағым келмейді. Кез келген көзі ашық оқырман оның прозасына көз жүгіртсе, оның ірі талант, жазғандары шетінен дүр дүние екеніне көз жеткізер еді.
Смағұл Елубаев
«Жусан иісі» Сайын Мұратбековтың творчествосындағы үздік жетістіктерінің бірі болып табылады. Ұлы Отан соғысы жылындағы ауыртпалықты суреттейтін шығарма да, бала кейіпкер де мол. Бірақ бұл туынды олардың ешқайсысына да ұқсамайды. Оқиғаның өрбуі мен құрылымы да, логикалық ақыл-ойдың дара сабақтаса дамуы да, лирикалық шығарманың ішкі жан-дүниесі де оқшау. Көз алдыңнан қара жолдың шаңын аспанға шығара жарысып бара жатқан балалардың соңында аяғын сылтып басып, жете алмасын білгенде: «Әй, тоқтаңдаршы, бір қызық ертегі айтайын», - деп соқпақ шетіне отыра кететін Аянның бейнесі кетпейді.
Тұрсын Жұртбаев
Сайынның туындылары - оқиға желiсiнiң шыншылдығымен, тiлiнiң көркем де өрнектiлiгiмен, кейiпкерлерiнiң биiк адамгершiлiк қасиеттерiмен бiр сөзбен айтқанда, табиғи нанымдылығымен ерекшеленiп, оқырманын баурап отырады. Қазақ ауылының қиын кезеңiн шынайы бейнелеп, полотнолық ғажап шығармалар жазған бақытты жазушы.
Төлен Қаупынбайұлы
Сайын Мұратбеков шығармаларының қазақ әдебиеті тарихынан алар орны зор. Оның шығармалары мазмұнының тереңдігімен, тілінің көркемдігімен, айшықты қолданыстарымен ерекшеленіп, төл әдеби тілімізді байытуға өзіндік үлесін қосты.
Арай Ахметжанова
Сайын Мұратбеков талантының құдіретті тұғыры-өмірдің өз топырағы. Қазақ елінің қазақы тұрмыс - тіршілігі, қазақы мінез - құлқы, арман - мүддесі. Сайын ағаның шығармаларындағы өзгеге әсте ұқсамайтын даралығы да, жаңалығы да жаратылыспен жарасымды жан – дүниесі. ... «Жусан иісінен» де, «Жабайы алмадан» да, «Менің қарындасымнан», «Жанболаттан», «Біреуден», күллі ірілі – ұсақты шығармаларынан, әлдеқашан миллиондаған оқырмандардың жүрегіне жылы ұялаған туындыларының беттерінен қазақ даласының тамаша суреттері, сол даланың ғажайып бітімді адамдары, сән-салтанаты ешкімнен кем емес қазақ елінің қарапайым құбақан өмірі жамырап қарсы алады. Тіршіліктің өзіндей қарапайым, тіршіліктің өзіндей әлеуетті, толыққанды қайталанбайтын суреткер. Дала жұмбағына, қазақы тұрмыс поэзиясына ғашық суреткердің қаламынан төгілген дала көріністерінің өзін суретке түсірсе жаратылыстың керемет құдіретті галереясы дүниеге келер еді.
Асқар Егеубаев
... Сайын Мұратбековтің шығармаларында оқырманды еріксіз баурап әкететін сиқырлы саз бар: тау арасында жалғыз келе жатқан жолаушының ыңылдай баяу салған әні іспетті мұңлы, жүрекке жылы тиетін әуен. Сайын ағаның қай шығармасын алып оқысаңыз да, жазушының «мені» сіздің өз «»меніңізбен үндесіп, домбыраның қос ішегіндей қатар тартылып, қоңырлатаескен әсем күйді елжірей тыңдап отырғандай боласыз. Шынайы көркем шығармаданжазушының жанын, бүкіл болмысын танисыз. Шығармасының өн бойына өз жүрегінің лүпілін, қан тамырларының қағысын, өзегін өрттеген өкініші мен жанын әлдилеген сағынышын ұялата білген жазушыдан асқан бақытты жан жоқ. «Жүрегінің түбіне кір жасырмай» ақ қағаздың бетіне жан құпиясын жайып тастау әркімдердің қолынан келе бермейтін ерекшелік. Бұл да – аралап жүріп, алалап қонатын қасиет. Сайын Мұратбеков – сондай қасиет дарыған қаламгер.
Талаптан Ахметжан