Сайын Мұратбеков 1936 жылы 15 қазанда бұрынғы Талдықорған облысы, Қапал ауданына қарасты Қоңыр ауылында дүниеге келген. 1957-1963 жж. ҚазМУ-де сырттай оқыған, 1971 жылы Мәскеудегі Жоғары әдеби курсты бітірген. 1954-1962 жж. туған ауылында колхозшы, мұғалім, аудандық, облыстық газеттердің әдеби қызметкері, 1962-1972 жж. «Жұлдыз» журналында, «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім меңгерушісі, Қазақстан Жазушылар одағында кеңесші, Көркем әдебиетті насихаттау бюросының директоры, 1972-1977 жж. Қазақстан КП Орталық Комитетінде жауапты қызметкер, 1977-1980 жж. «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, 1980-1984 жж. Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, 1984-1986 жж. «Жазушы» баспасының директоры, 1988-1991 жж. ҚЖО-ның екінші хатшысы болған. XІ сайланған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты.
Балалық шағына көз жүгірсек, Мұратбек ата оның үлкен атасы. Баласы қайтыс болғаннан кейін, бірі бес, екіншісі үш жастағы қос немересімен қалады. Бес жастағы немересі Сапарғалидан өмірге Сайын келеді. Кішкентай бала күні соғыспен дәлме-дәл келіп, әкесі майданға аттанып кетеді. Содан кішкентай шөбересін бауырына басып, Мұратбек атасы бағып қағады. Тегі де сол кісінің атына «Мұратбеков Сайын Мұратбекұлы» деп жазылған.
Сайын Мұратбековтың да балалық шағы соғыспен тұспа – тұс келген. 1941 жылы әкесі майданға аттанған. Алты жасқа келгенде, 42 - жылы шешесі Рәзия қайтыс болады. Соғыс кезінде тылдағы еңбек күшінде қаншама әйел адамдар аянбай тер төкті. Қапалдың маңайында сол шақта басқа ұлт өкілдері көп қоныстанған еді. Солардан келген болуы керек, астық күзетіндегі Рәзия ананы ұрып-соғып, өлтіріп, өздері астықты жымқырып кеткен. Содан Сайын алты жасында жетім қалады. Ал, әкесі қанқұйлы соғыстан аман-есен оралып, балаларға жетімдікті сездірмеуге тырысып қайтадан Сақыпжамал деген кісіге үйленеді. Ол кісі екінші анасы болды. Сақыпжамал өте жайлы кісі болған. Осы алты жасынан кейінгі өмірінің біраз жері «Жабайы алмада» кеңінен суреттелген. 5-сыныптан соң анасы қалада оқысын деп Сайынды Талдықорғанға жібереді. Оқуды бітіргесін КазГУ-дың журналистика факультетіне тапсырып, түсе алмай қалады. Қайтып барып, Кербұлақ ауданына қарасты Сарбұлақ совхозында бір жыл мұғалім болады. Келер жылы журфакқа қайта тапсырады. Балы жетпей, Театр және көркем институтына (қазіргі Т. Жүргенов атындағы Өнер академиясы) қабылданады. Оспанхан Әубәкіров екеуі қатар түседі. Сайын Мұратбеков Театр институтында Асанәлі Әшімов, Сәбит Оразбаев, Нүкетай Мышбаева, Әмина Бапина, Фарида Шәріповалармен бірге оқыды. Мерекелерде қабырға газет шығарыңдар десе, Оспанхан екеуі жақсы жазады екен. Ал актерлік шеберліктері болмаған. Содан 1 курсты бітірген соң мұғалімдер: «Екеуің түсе алмай қалсаңдар, қайта келіп оқырсыңдар. Адаспай одан да КазГУ-ге барыңдар. Журфакқа тапсырыңдар», - дейді. Содан қайта тапсырып, журналистикаға түседі.
Жазушының жолдастары көп болған. Жұмекен Нәжімеденов, Әбіш Кекілбаев, Зейнолла Серікқалиевтермен бірге жүрген. Әкім Тарази, Қалиқан Ысқақ, Рамазан Тоқтаров, Қабдеш Жұмаділовтермен жақсы араласқан.
Жазушының алғашқы шығармалары 50-жылдардың аяғында жариялана бастаған. Содан бергі уақытта әңгімелері мен повестерінің «Менің қарындасым» (1961), «Ауыл оты» (1964), «Көкорай» (1967), «Отау үй» (1968), «Жабайы алма» (1972), «Дос іздеп жүрмін» (1973) жинақтары, таңдамалы шығармаларының бір томдығы (1981), 1986 және 1991 жж. екі томдығы, 2004 жылы «Ескек жел» атты әңгімелер жинағы жарық көрген. 1989 жылы «Қалың қар», 1995 жылы «Өліара» повестері кітап боп шықты. Алматы баспаларынан орыс тілінде «Дом молодых», «Камен тугай», «Дикая яблоня», т.б. кітаптары, Мәскеу баспаларынан әр жылдары жарық көрген «Дикая яблоня», «На вершине Учкары», «Запах полыни», «У теплого родника», т.б. кітаптары, Ташкентте өзбек тілінде «Евшан иісі», Қазанда татар тілінде «Әрем иісі», украин, белорус, грузин, армян, әзербайжан, литва, т.б. туыстас халықтар тілдерінде әңгіме, повестері, араб тілінде «Жусан иісі» повестері мен әңгімелері жеке кітап болып шықты.
Аударма саласында Ә.Әлімжановтың белгілі роман-повестерін, сондай-ақ Г. Толмачевтің Д. Қонаев, Н. Назарбаев туралы деректі повестерін, Алекс ла Гуманың «Тас ғалам» романын қазақшалаған. «Тел өскен ұл» (реж. Ш. Бейсенбаев, 1976) кинофильм сценарийінің авторы. 2003 жылы «Жабайы алма» повесі үшін Тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының лауреаты атанды. «Құрмет Белгісі» орденімен марапатталған. 1990 жылы «Қалың қар» повесі үшін Қазақстан Жазушылар одағының М.Әуезов атындағы әдеби сыйлығы, 1998 жылы Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері атағы берілген. 2006 жылы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. 2007 жылы дүниеден озды.