СҰЛТАН, ЭТНОГРАФ, АҒАРТУШЫ

Мұса Шормановтың 200-жылдығына

МУЛЬТИМЕДИЯЛЫҚ ҚҰРАЛ


Өмірбаяны

Мұса Шорманов 1818 (барыс) жылы қазіргі Павлодар облысының Баянауыл ауданындағы академик Қаныш Сәтбаев атындағы ауылдың жанынан ағатын Ащы өзенінің бойында ауқатты Шорман бидің жанұясында дүниеге келеді. Мұсаның шыққан арғы түп-тегі Орта жүз, Арғын, оның ішінде Мейрамнан тарайды. Шежіре бойынша Мейрамнан Қуандық Сүйіндік, Бегендік, Шегендік, Болатқожа (Қаракесек), Қаржас деген аталар өрбіген. Осылардың ішінде Мұса Шорманов Қаржас ұрпағы болып келеді. Қаржастан үш бала туады: Құлыке, Epiм, Бегім. Осы тұстағы сөз орайында атап кетсек, Абылай ханның ақылшысы Бұқар жырау Epiмнің шөпшегі болып келеді.

Мұсаның әкесі Шорман би туралы айтар болсақ, ол өз заманының өте беделді, әйгілі шешені болғаны ақиқат. Бұлай деуімізге Шоқан Уәлихановтың мына cөзi орынды дәлел бола алады: «Әcipece халық арасында белгілі билер: Айдабол тегінде – Шоң, ал Қаржаста ақылы мен айлакерлігінен шешен (ақылды) аталған Шорман. Сирек тілмарлык, қабілетіне ие болып, 14 жасында-ақ елінің бас биі саналған Шорман Уәли ханның алдында өзінің аталастарын асқан абыроймен қорғап қалады» (караңыз: Ч.Ч.Валиханов. Соб.соч. в пяти томах. Алма-Ата, 2-том, 309 бет).

Шорман би өз өмірінде белгілі Керей Тоқсан, Ақтайлақ, Тіленші, Қуандык, Байдалы, Қанжығалы Саққұлақ сияқгы билермен, Қуандық Құдайменде төремен, Қаңлы Тәбітай шешенмен сөз кақтығысады.

1822 жылғы Ресей патшалығының Орта жуз қазақтарын бөлшек-бөлшек етіп басқару жөніндегі Жарғысы бойынша Қарқаралы, Көкшетау, Аякөз, Ақмола, Аманқарағай, Баянауыл, Үшбұлақ, Көкпекті сияқты сыртқы округтер ашылып, оған тек төрелерден, яғни хан тұқымынан аға сұлтандар сайлануға тиісті болды. Алайда, осы округтердің ішінде Батыс-Cібip губернаторы Баянаулада ғана аға сұлтанды төре тұқымынан сайлай алмады.

1833 жылдың жазында құрамында 14 болысы бар Баянауыл округінің тұңғыш сұлтандығына Едігеұлы Шоң би, ал оның орынбасарлығына Шорман би сайланады. Осылай болғанда патша әкімшілігі Баянауылда қалайша аға сұлтанды тереден сайламай Шоң мен Шорман сияқты қараға жол берді. Бұл жөнінде қазақтың белгілі жазушысы Қалмұқан Исабаев былай дейді: «Бұл сұраққа жауапты Батыс-Сібір губернаторының «қара» қазаққа деген «ықыласынан» гөpi, оны осы шешімге ықтиярсыз иіп әкелген Шоң мен Шорман билердің тегеуірінді саясатынан көрген жөн» (қараңыз: Қ.Исабаев. Қарадан сұлтан болған. - «Сарыарқа самалы», Павлодар, 13 сәуір, 1991 жыл).

1835 жылы Шоң би дүниеден өткесін 1836 жылғы сәуірдің 12 жұлдызында Ресейдің капитан деген әскери шені бар Шорман Баянауыл округінің аға сұлтандығына, ал оның орынбасары болып төре тұқымы Әлі Көкшеұлы сайланады. Осы сайлаудан кейін патша үкіметі Шорманға қалтқысыз қызметі үшін кезекті офицерлік хорунжий шенін береді. 1837 жылдың күзінде Шорман би кенеттен қайтыс болады. Оның зираты Ақмола облысының Ереймен ауданының жерінде. Өкінішке орай, қазақ халқының от ауызды, орақ тілді шешені Шорманның басында жазу белгісі де жоқ зираты бүгінде әбден тозығы жетіп, аяқ асты болып жатыр.

Шорман мен оның әйелі Топайдан екі қыз, төрт ұл - Зейнеп, Мұса, Мұстафа, Зейпін, Иса, Әбу Али Ибн-Сина (лақап аты Әужан) туған. Шорманның тұңғыш қызы Зейнеп Көкше өңіріндегі Аманқарағай округінің аға сұлтаны Шыңғыс Уәлиханұлының әйелі, қазақтың ұлы ғалымы - Шоқанның анасы.

Мұса ауылдық медреседе қадымша оқып сауатын ашады. Сонымен бipгe ол өздігінен әкесінің қызметінде жүрген тілмаштың көмегімен орыс әліппесін үйреніп, сол тілде бірсыдырғы түсініп, сөйлейтін болады. Осындай жақсы дайындығы бар Мұсаны 1834 жылы Шорман би Сібірдегі жалпы білім беретін сол кездегі үлкен оқу орны саналатын Омбының Азиялық әскери училищесіне оқуға береді. Мұнда оқыған төрт жыл ішінде Мұса терең білім алып, орыс әдебиеті мен мәдениеті, тарих, география, математика, т.б. ғылымдарды оқып, өз заманының алдыңғы қатарлы азаматы болып шығады. Мұса Омбы училищесін бітіргенде орыстың ауызекі тілін жақсы меңгеріп шығумен қатар француз тілінде де сөйлей алатын кабілетті болған.

Мұса Шорманов 1840 жылы Баянауыл округтік приказының (дуанының) заседателі қызметін атқаруға кіріседіi. 1838 жылы орыс патшасы бекіткен «Сібірлік» қазақтарды басқару жүйесі туралы ерекше ережесіне сәйкес дуан басқармасының штаттық қызметінде аға сұлтаннан басқа үш орыс, екі қазақ заседателі болуы шарт болатынды. Мұндағы үш орыс заседателі қызметіне сайлаусыз тікелей облыстық әскери губернатордың жарлығымен тағайындалатын болған да, ал екі қазақ заседателінің орнына болыстар мен билердің сайлауында жеңіп шыққан екі құрметті адам облыстық әскери губернатордың жарлығымен бекіген жағдайда ғана алынатынды. Батыс Ciбip генерал-губернаторы П.Д.Горчаковтың жарлығымен 1850 жылғы желтоқсанның 5 жұлдызынан 1851 жылғы желтоқсанның 24 жұлдызына дейін Мұса Шорманов Баянауыл дуаныньң аға сұлтаны қызметінің міндетін атқарады (генерал- губернатор дуан бойынша сайлау өткізбей-ақ өз жарлығымен аға сұлтанның қызметін уақытша атқаратын адамды тағайындауға құқығы болған).

Мұса Шормановтың патша әкімшілігі алдындағы сіңірген көпжылдық еңбегі жоғары бағаланып, оған 1853 жылы Батыс-Сібір генерал-губернаторы Г.Х.Гасфордтың бұйрығымен хорунжий әскери шені беріледі.

Мұса Шорманов өзінің туған жиені Шоқан Уәлихановты бала кезінен өте жақсы көріп, оның орысша білім алып, ғалым болуына рухани жақтан да, материалдық жақтан да сүйеніші болғандығына Шоқанның еңбектері айғақ.

Шорман мен оның әйелі Топайдан екі қыз, төрт ұл - Зейнеп, Мұса, Мұстафа, Зейпін, Иса, Әбу Али Ибн-Сина (лақап аты Әужан) туған. Шорманның тұңғыш қызы Зейнеп Көкше өңіріндегі Аманқарағай округінің аға сұлтаны Шыңғыс Уәлиханұлының әйелі, қазақтың ұлы ғалымы - Шоқанның анасы.

Орыстың белгілі географ, этнограф, фольклоршы, саяхатшы, түрік-моңғол мәдениетін зерттеуші ғалым Н.Г. Потанин «Колокол» газетінде, «Русское богатство» журналында Мұса Шормановты тума талант, қазақ өмірін жетік білетін, белсенді, білімді адам ғана емес, ол Еуропаға мәдениетін игерген, Омбы қаласының балдарында қолдарына жұқа ақ қолған киіп, орыс әйелдерін биге шақыратын бірден-бір қазақ екенін талай жазған.

Мұсаның Шоқаннан ой-niкipi алшақ болмаған. Ол үнемі жиенімен кеңесіп, рухани бағыт алып отырған. Оның Шоқанмен кездесуі көбінде Омбыда болатын. Ал Шоқан Шормановтар ауылында екі рет: алғашқыда Омбы кадет корпусында оқып жүргенде, кейін 1855 жылдың жазында болған. Осындай кездесулерде Мұса өзі білетін халықтың ауыз әдебиетіндегі інжу-маржандарды, эпостық жырлар, әңгімелер, мақал-мәтелдер жинап, жиеніне беріп отырған. Кейін Шоқан қайтыс болған соң ол бұл жұмысын одан әрі жалғастырып, жинағандарын Шоқанның достары Г.Н.Потанин, Н.М.Ядринцев, Н.Ф.Костылевский, қазақ этнографиясын зерттеуші А.К.Гейнске жібepin отырған.

1881 жылғы желтоқсанның 7 жұлдызында Потанинге жазған бip хатында Мұса мырза оған «Сұраған ертегіңізді жинап, толықтырған соң кешіктірмей салып жіберемін» деген. Сондай-ақ архивте оның нeмepeci Мақсұтқа «Табиғаттану тарихы» атты кітапты жібергені үшін Потаниннің зайыбы А. В.Потанинаға алғыс айтып жазған хаттары сақталған.

Мұса Шорманов Батыс-Ciбip генерал-губернаторы әкімшілігіне Шоқан Уәлихановтың зиратына арнаулы ескерткіш қою жөнінде бірнеше рет мәселе қояды. Ақыры оның бұл өтінішін 1880 жылы генерал- лейтенант Г.А.Колпаковский жүзеге асырды.

Ал енді Мұса мырзаның қызметін сөз өткенде оның мынадай да жақсы жақтары бар. Мысалы, ол өз дуанына қарасты тоғыз болыс елдің балаларын ауылдық медреселерде кеңінен қамтып оқытуға көп көңіл бөліп, жыл сайын әpбip болыстан бip баланы не Омбы, не Павлодар каласындағы орыс мектебіне міндетті түрде оқуға жіберіп, Баянауыл станицасында, Павлодар, Омбы калаларында қазақ балалары окитын мектеп-интернаттар ашқызған. Ол жергілікті Омбы каласының әулетті қазақтарынан жетімдер үйіне, құдайханаға, гимназияға қаржы жинаған. Баянауылда өз қаражатына медресе салдырып, мешіт ашқан. Ол өзінің көп уақытын қазақ халқының мәдени-әлеуметтік өмірін жақсартуға арналған жобаларға жұмсайтын. Өмірінің соңғы жылдарында ол Баянауыл дуанында қазақ балаларына арнап көшпелі тұрмысқа бейімделген дала гимназияларын ашпақ ойы болған. Бұл ойы жөнінде ол Г.Потанин мен К.К.Гутковский арқылы Ciбip қазақтары облысының басқармасының алдына мәселе қояды. 1881 жылы Мұса Шорманов Г.Н.Потанинге жазған хатында: «Құрметтім, Сіздің өзіңіз қолға алған, көшпелі гимназия туралы жасаған баяндамаңызды бізге жібере алмас па екенсіз? Әйтпесе, қазақ халқы надандық шырмауынан шыға алмай, өрескел білімсіз күйде қалуы мүмкін» деп жазады. Ақыры 1884 жылдың аяғында көшпелі гимназия ашу сәтінің үміті жылтырап, бұл мәселенің жоспарын қарау жөнінде Омбыдан хабар жетіп, Мұса желтоқсан айының сақылдаған сары аязында жеделдетіп жолға шығады. Бірақ, ол арманына жете алмады. Генерал-губернатордың қабылдауына жеткізбей жергілікті өзіне қарсы eciмi бізге беймәлім бip Омбы қаласының чиновнигінің жасаған қастандығының құрбандығына шалынып, желтоқсанның 26 жұлдызында Мұса мырза тамақтан уланып, кенеттен қайтыс болады. Генерал-губернатор Г.А.Колпаковскийдың рұқсатымен денесін Ақкелін қыстауына әкеліп, 1885 жылғы қаңтардың 1 жұлдызында жамбасы жерге тиеді.


Жақсыбаев С. Мұса Шорманов // Сарыарқа самалы. – 2008. – 4 наурыз. – 4 – 5 б.